Актюбинский Высший гуманитарный колледж

phone icon Тел: +7 (7132) 56‒02‒30

Выпускники колледжа

Выпускники колледжа

ТҮЛЕКТЕР   ЕСТЕЛІГІ



Ақтөбе педагогикалық училищесі: жарты ғасырлық еңбектің іргетасы


Кенжеғұлова Айболған, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, училище түлегі 


  Бүгінгі күні 100 жылдығы тойланып отырған Ақтөбе гуманитарлық колледжін Ақтөбе педагогикалық училищесі  деп отыруымның  тарихи дәлелденген себебі барын көпшілік  біледі деп ойлаймын.Бұл оқу орнының  тарихы сонау 1922-1923 оқу жылынан  педагогикалық техникум  болып құрылып, Қазақ АССР білім беру жүйесінде оқу орны ретінде тіркелген кезінен басталады екен. Ал 1937 жылдан  педагогикалық училище болып, 1997 жылы Ақтөбе мәдени – ағарту колледжімен біріктіріліп, Ақтөбе гуманитарлық колледж статусына ие болады. Біз озімізді 60 жыл бойы бастауыш мұғалімін даярлаған педучилище тулектеріміз деп мақтан тұтамыз.. 

        Мен педучилищеге 1961 жылы жетінші кластан соң түстім (ол кезде жетіжылдық мектеп болатын). 13 жасымда тусіп, 1965 жылы 17 жасымда аяқтадым. Суреттегі ғимаратта оқыдым. 

Ол жылдар ерекше есте қалған  жылдар болды. Конфуцийше кәмелеттіктің бірінші басқалдағының нағыз балғын жасөспірім шағын (13-17 жас) осы бүкіл республикаға әйгілі түлектер дайындаған оқу орнында өткізіп, ерте бастан маман болып қалыптастық. Училищеде екі-үш жыл бойы тастамай тағып журген бантигіміз бен ақ жағамызды қимай шешіп, алғаш рет шашымызға «прическа» жасап, оқушылардың алдында сабақ берудің қорқынышпен араласқан қуаныш сезімнің ләззатын таттық. Болашақ мамандығымыз бойынша «направлениемен» барып қызмет ететін мектебімізді армандап жүрдік Тұңғыш ғарышкер Ю.Гагариннің ғарышқа самғағанының куәсі болдық. «Бақыт құшағында» әнін алғаш рет радиодан үйреніп, айтып жүрдік. Біздер-жастар болашаққа нық сендік!

           Иә, ол жылдар жоқ-жұқа жылдар болатын, ойлап отырсам, соғыстан кейін он бес жыл ғана өткен кез екен ғой, бірақ тапшылықты өмірдің материалдық жағынан ғана сезінетінбіз, ал рухани бай болатынбыз: адамгершілік, адалдық, еңбекқорлық, жауапкершілік, отаншылдық, ата дәстүрге деген құрмет біз жоғары ұстайтын құндылықтар болатын. Бір жазға бір шыт көйлекті қолдан өзім тігіп алып киген шағымда көңілімнің тоқ боп жүретінін қайтерсің?! Алған шәкіртақымыз (14 сом) айдың аяғына жетпей, сабақ үстінде қабақтарына кірбің кіріп отырған оқушыларын сезе қойып: «Қарындарың ашып отыр ма? Мә, пирожки алыңдар» деп, тиін-тебендерін беретін ұстаздарымыз да болатын. Ай, бірақ шіркін, жастық шақ-ай! Соңғы тиынымызға «Қазақстан» кинотеатрына киноға баратынбыз.



Педучилищеде оқитын Шалқарлық жастар. 

Бірінші қатар, сол жақтан екінші-мен

           

Мұғалім болып қалыптасуымызға училищеде сабақ берген барлық ұстаздар үлгі болды дер едім. Бірі – байсалды, бірі – талапшыл, бірі - кербез, бірі - елгезек  түрлі мінезді, бірақ бәрі білімді, өз пәнінің қас шебері нағыз ұстаздар бізді тәрбиеледі. Топ жетекшіміз болған Аққұмаш апайымыз, әдістемеден берген Кәрима апайымыз, тарих пәнінің мұғалімі Қибат Қауановна, орыс тілінен сабақ берген училище директоры Айғанша Қаратаевна, педагогиканың қыр-сырын үйреткен Борандық Досмурзаев, математикадан   дәріс берген және фотоаппаратпен суретке түсіру үйірмесін жүргізген Бапан Нұржанов, мондалина аспабында ойнаудың шебері етіп шығарған Ысқақ Райымбергенов, дәріс пен үйірме арқылы суретші болуға баулыған атақты суретші Сергей Васильевич Кукуруза мен Әнуар Жұмағалиевич Өтегенов, денешынықтыру сабағын шебер өткізетін Алефтина Георгиевна, еңбектен беретін Иван Петрович т.б.ұстаздарымыз жүріс-тұрыстарымен де, сөз саптастарымен де, мінез-қылықтарымен де ғана емес, адал жүректерімен,  жастарға деген сүйіспеншіліктерімен, зор адамгершіліктерімен, өз қызметтеріне деген адалдықтарымен, әділдіктерімен ерекше еді. Қазір ойлап отырсам, бізді – болашақ бастауыш мұғалімдерін жан-жақты тәрбиелеп шыңдағанаяулы ұстаздарымыздың құдіреті осы қасиеттерінде еді. Сондықтан да ол кездің түлектері қай жағынан болса да сапалы боп дайындалып, мадақтауларға ие боп жүрді.

         Жарты ғасырлық еңбегімнің ірге тасы Ақтөбе педагогикалық училищесінде қаланды деуімнің мәні де осында.Училище бізді жоғарыда айтқандай, жан-жақты дайындады: бала психологиясы мен педагогикасын меңгертті, суретші етті, музыкадан жетік, мондалинада ойнай алатын маман етіп шығарды, қол өнерін үйретті. Ұстаздардың бұл еңбегі бос кетпеді. Кәмелеттіктің бірінші басқалдағындағы адам қажеттілігін училищедегі ұстаздарымыз қанағаттандырды.  

Мен сурет өнерін сүйдім, сол арқылы әсемдікке құмар болдым, талғампаз болдым,  суретші болуды армандадым, күндіз-түні сурет салдым, өнерге деген құштарлығым арта түсті. Атақты суретші Сергей Васильевич Кукуруза өткізген сурет сабағындағы қиялым сабақтан тыс Өтегенов Әнуар Жұмағалиұлы  өткізетін үйірмедегі қиялға жалғасатын.  

       Училище директоры Айғанша Қаратаевна мені оқуды бітіру  бойына Алматыға суретшілер дайындайтын оқу орнына жолдамамен  жібермекші болды. Ата-анамның  қарсы болуына байланысты  мүмкін болмай қалды.  Сөйтіп, кәмелеттілігімнің бірінші басқалдағы кезеңіндегі тұлға боп қалыптасуымдағы  маңызды  бір рухани қажеттілігім осылайша өтелгендей ...

Суретші болмасам да, сол құштарлық менің болмысымда берік орнады, кейінгі ғылыми-әдістемелік шығармашылығыма негіз болды. 

      1991-ші Тәуелсіздік  жылы келіп, ірге тасы училищеде қаланған шығармашылық жұмыспен түбегейлі айналыстым. Кеңес заманында қазақ мектептері жабылып, аралас мектептің өзі санаулы боп, балаларымыздың көпшілігі орыс мектептерінде оқуға мәжбүр болған кез еді. Ана тілінің тұғырын биіктетуді кіші мектеп жасындағы балалардың ана тілін сурет, музыка өнерімен интеграциялау арқылы дамытудан бастауды жөн көрдім.Сөйтіп, педагогикалық институтта кафедра меңгерушісі бола жүріп, бастауыш класқа арналған авторлық альтернативті бағдарлама мен оннан аса оқулықтар мен құралдар жазып, «авторлық класс» статусымен үш жыл (1991-1994) эксперименттіккласта сабак бердім.

  1991-92 оқу жылы алғаш рет бастауыш класқа  «Ата дәстүр», домбыра сабақтарын енгіздік. Біздің оқулықтарымыз арқылы оқушылар Ахмет Байтұрсынұлының, Құдайберген Жұбановтың, Қайқауыстың еңбектерінен сусындады. Оқушыларымыздың ана тіліне деген сүйіспеншілігі Абай философиясы арқылы артты.

Нәтижесінде 1994 жылдан бастап он жыл бойы облыс көлемінде авторлық бағдарлама, оқулықтармен елуден аса мектепте жүздеген мұғалім мыңдаған оқушыларға дәріс берді. Алматыда «Көкіл» мектебі (Ә.Райымбергенов мектебі) бірнеше жыл авторлық оқулықтармен оқытты.

      Жыл сайын мұғалімдердің облыстық білім жетілдіру  институтында авторлық курстар ұйымдастырылып, жүздеген бастауыш класс мұғалімдері авторлық бағдарлама бойынша біліктіліктерін арттырды. 

     1998 жылы авторлық шығармашылық жұмыс үшін «Доцент» атағы берілді.

     2000 жылы «Вариативтік авторлық ана тілі оқулықтарындағы интеграциялық ұстанымның ғылыми-әдістемелік негізі» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғалып, 2003 жылы «Авторлық ана тілі оқулықтары: жаңа мазмұн, жаңа құрылым» атты монография жарық көрді.

      2005 жылы «Атамұра» баспасынан альтернативті Әліппе жарықкөрді.

Осылайша шығармашылық жұмысымның бастауыш мектепке арналып,  жетістіктерге жетуімнің себебі сонау балғын шақта осы мамандыққа деген сүйіспеншіліктің құнарлы топыраққа сепкен дәннің сапалы өнім беретіні сияқты педучилище ұстаздарының әр болашақ маманның табиғи қабілеттерін жазбай танып, оны әрі қарай дамытуында дер едім.

      Бастауыш класс мұғалімін даярлау- үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Кезінде училищедегі ұстаздарымыздың баса мән беріп атқаратын жұмыстарының бірі  бізді педпрактикадан талапқа сай  откізу болған екендігін айту абзал. Ол кезде үздіксіз педпрактика аудан мектептерінде өтетін Борандық Досмурзаев ағайымыздың басшылығымен  жыл сайын өтетін Шалқардағы практика мамандарды  болашақ қызметіне дайындайтын үлкен тәжірибе мектебі іспеттес болатын.(қазірде бұл тәжірибе жоқ). Ағайымыздың әр шәкіртінің көңіл-күйіне үңіле, практиканың қиындығын жеңілдетіп жіберетін «Сенің көзің жақсы, сенің сөзің жақсы, ал сенің өзің жақсы!» деген мадақтауы  бізге берген батадай көрінетін. Әр практикант  әр сабаққа үлкен дайындықпен баратын. Өйткені,  әр практикантпен  оны сыннан өткізіп, мамандықтың қыр-сырына үйрететін тәжірибелі, майталман педагог жұмыс жасайтын.       Педпрактиканы өткізу тәжірибесінің ірге тасы да бізге педучилищедегі сол көрген, басымыздан өткерген үлгі арқылы дарып қаланды, сол үлгімен жоғары оқу орнында да практикаға үлкен жауапкершілікпен қарайтынбыз.

Ойлап отырсам, жарты ғасырдан артық ұстаздық тәжірибемнің түп-тамыры өзінің нәрін еңбектенуден алып, үздіксіз еңбектенумен тамырын кең жайған екен. Бұл қасиет те педучилищедегі оқыту үдерісінің нәтижесінде дарыды. Жазғы демалыстың өзінде шәкірттерін бос жүргізбей, колхоздардағы еңбек майданында шыңдау сол кездегі жастар тәрбиесіндегі баға жетпес үрдіс болатын (қазір бұл да жоқ). Сол арқылы қиындықты жеңуге үйрендік.

       Еңбектің арқасында қарапайым мұғалімдіктен бастап, аудандық оқу бөлімінің әдіскері, облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының бастауыш сынып  мұғалімдері кабинетінің меңгерушісі, облыстық оқу бөлімінің инспекторы, орта мектеп директоры, ЖОО-да «Бастауышта оқыту теориясы мен әдістемесі» кафедрасының  меңгерушісі, «Университет – мектеп» ғылыми-педагогикалық зерттеу орталығының жетекшісі, Қосымша білім беру орталығының жетекшісі қызметтерін атқара жүріп, зор нәтижеге қол жеткіздік.

1978  жылы мұғалімдердің Республикалық V съезіне делегат боп қатысып, жас директор ретінде  ҚССР комсомол комитетінің хатшысы Сұлтан Қуанышевтің қабылдауында болып, мақтау қағазымен, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен марапатталдым.1981ж «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2006ж.  «Ы.Алтынсарин» төс белгісімен,.  «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» Грантымен, 2008 ж  «Қазақстан Республикасының құрметті қызметкері» төс белгісімен, 2013 ж. Тілдерді дамыту және білім беру саласындағы еңбектері үшін автокөлікпен, 2016 ж. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің еңбек ардагері, 2017ж. «Университетті дамыту үшін қосқан үлесі үшін» медальдарымен, 2018ж. «Жұбанов» медалімен марапатталдым.

Училище есімі облысқа ғана емес, бүкіл республикаға әйгілі түлектер академик Ахмет Жұбанов, Қазақстан Ғылым Академиясының мүше – корреспонденті Рабиға Сыздықова, ақын - драматург БәкірТәжібаев, жазушы Өтебай Қанахин, қарт журналистер Кәрім Ержанов, Мұса Дінішев, Смағұл Мұқашев, Ерекеш Бірмановтарды мақтанышпен айтады. Түлектердің арасында «Қазақстанға еңбек сіңірген мұғалім атағын алғандар, қазақ халықа ғарту ісінің үздігі» белгісі мен наградталған мұғалімдер, ғылым кандидаттары баршылық. Алғашқы түлектерінің ішінде біздің оқу орнымыздың мақтанышы болған Қазақстанғ аеңбек сіңірген мұғалім Ғ.Ақтаев, М. Жанқожин, мұғалім – сазгер Е.Терековтерді атауға болады.

Бір сөзбен айтқанда, осы еңбектерімнің ірге тасы Ақтөбе педагогикалық училищесінде қаланғанын бүгінгі мерей тойда үлкен мақтанышпен еске аламын.









Білім көгентүбі 100 жаста!


Садирова Күлзат  Каниевна, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің оқытушысы, ф.ғ.д., Қазақ филологиясы кафедрасының профессоры, «Жоғары оқу орны үздік оқытушысы-2012» грантының иегері, ҚР ЖОО қауымдастығы А.Байтұрсынұлы атындағы алтын медаль иегері,  колледждің 1989 жылғы түлегі C:\Users\User\Desktop\КІТАП -БАСПАҒА+++\Түлектер естелігі-6-бөлім\ТҮЛЕКТЕР ФОТО\Садирова.jpg


Қазақта «көген» (ұзын арқан), «көгентүп» («Көгенің майлансын!» деп тілек айтып беретін енші), «көген көз» (өрім жас) деген сөз бар. Бүгін мерейлі 100 жылдығын атап отырған Ақтөбе гуманитарлық колледжі – 1 ғасыр бойы қазақ халқының білім көгеніне көген көздерді қазықтап көгентүп енші берген оқу ордасы. Сол білім кеңістігіне 1985-1989 жылдары 32 көгенкөз ендік. Ол кезде қазіргі Ақтөбе гуманитарлық колледжі Ақтөбе педагогикалық училищесі аталды. 

Білім ордасы табалдырығын 15 жастағы бала көңілімізбен жүрексіне, жатырқай аттадық. Бір көргеннен-ақ білімгерлерді өзіне еңбегімен баулыған, махаббатымен майлаған ұстаздарымыз бен тәрбиешілеріміздің біліммен сусындаған 4 жылда бергені мол болды. Тобымызға жетекшілік жасаған темірдей тәртіпке түсірген, әдемілік пен ұстамдылықтың шебер үлгісін өз бейнесімен, жеке бас үлгісімен қалыптастырған Дина Тулебайқызы мен Үсенова Гүлнәр апайларымыз, қазақ тілі мен әдебиетінің терең тылсымын сезініп, құпиясына ынтықтырған, білімді тек кітаптан ғана емес, ақын-жазушылармен кездесу арқылы, «Әдебиет» үйірмесі арқылы, «Көркемсөз оқу» сайыстары мен қабырға газеттерін дайындату арқылы жыюға үйреткен, диктант жазғызып, соңынан қатемен жұмыс жасатып, сауаттылыққа төселдірген Бралова Зоя апайымыз, сандар сырын санамызға құйып, ұқпағанымызды ұғындырған Базарбаева Айша Базарбайқызы, орыс тілі мен әдебиетінің алғашқы сабағында бастан-аяқ орысша түсіндіріп тұрып: «Айналайындар» деген қазақшасымен орысшадан үркіп отырған ауыл баласының жүрегін шымырлатып, жылылық ұялатқан Мазитова Галина Романовна, тарихтың тылсымын, концлагерьдегі жауыздықтарды тарихи суреттермен төбе құйқаңды шымырлатып, жауыздықтың ызғарын тұла бойыңмен сезіндіретін, тарихи оқиғаны көз алдыңа әкеліп суреттейтін, сол арқылы өз пәнін терең меңгерткен Қауанова Қибат апайымыз, физика заңдылықтарын тәжірибе жүзінде анықтаған ғалымдарды атап тұрып, «Енді Шиннің жасаған тәжірибесі» деп әзілдейтін (тобымызда Қарақойшин деген жігіт оқыды) Жумалин Қанаш Жумалинович ағайымыз, тақтаға сызған сызықтар мен фигуралардың  айырмасын таптырып, нәтижесінде бәрі бірдей екенін психологиялық тұрғыдан дәлелдейтін, адам жанының құпия сырларын сезінуге тәрбиелеген БериковНиетжан Берикович, педагогика  ғылымының ауыр жүгін болашақ мамандығымыздың жауапкершілігіне сай жүктеген Мұқанова Светлана Насурлаевна мен Нұрия Елеуовна, сурет салудың қыр-сырын үйреткен Исмаилов Есет Ахатович ағайымыз, ән салуға төселдірген, «Туған жер», «Анашым» әндерін орындағанда ата-анамызды сағынып жылап қалатын көгенкөздермен қоса көз жасын сығып алып, шәкірттерін әнмен жұбататын Нұртазина Нағима апайымыз, баян тартуды үйреткен Бекниязов Болат Бектұрович  – бәрі-бәрі күні бүгінге дейін көз алдымызда.

 Ақтөбе педагогика училищесі қабырғасында өткізген әр күніміз алдын-ала жоспарланған, орындалуы қатаң қадағаланатын, сабақ кестесінің орындалмай қалатын күні жоқ, түскі ас уақытында барлық білімгерді асханада тегін тамақтандыратын, күн тәртібіне сай жатақханада таңғы жаттығу жасалатын, сабақ дайындау уақыты нақты белгіленіп, сол уақытта сабаққа әр білімгердің қалай дайындалып жатқанын оқу секторлары тексеретін, кезекшілік кестесіне сай бөлме тазалығын керует ернеуіндегі шаңды саусақпен сүртіп көріп тексеретін «темірдей әскери тәртіппен» өткеніне қуанамыз. Бүгінгі күн тұрғысынан қарап: «Ол қалай? Бөлмеңе кіріп оқуыңды, тазалығыңды тексеру жеке кеңістігіңе қол сұғу емес пе?» дейтін ұрпақ үшін тосындау көрінері анық. Сондай тәртіптің ішінде рухани байлығыңды, өнеріңді дамыту, мұрағат пен мұражайға бару, кештерде гитарамен, баянмен ән салу, патриоттық әндер сайысына топпен дайындалу т.с.с. шаралар да ұйымдастырылып жататын.

 Кәмелеттік жасқа толмаған әр білімгер үшін ата-ана алдында, Отан алдында жауапкершілік арқалап, ол істерін жоғары деңгейде атқарған ұстаздар ұжымына, барлық түлектер атынан, оның ішінде 1985-1989 жылдары «Бастауыш мектеп мұғалімі және ұзартылған топ жетекшісі» мамандығында білім алған 32 білімгер атынан алғыс айтамыз. 

1989 жылы осындай білім көгенінен енші алған түлектеріңіз еліміздің жоғары, орта, мектепке дейінгі білім беру саласында, әскери салада, өзге де салаларда көгендерін майлап жүр. Табысты еңбек етіп, еліне қызмет көрсетіп, шәкірт тәрбиелеп игі істі жалғап келеді. Олардың ішінде ғылым жолында еңбектеніп, ғылыми дәреже иеленіп батыс өңірдегі іргелі оқу орны Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің оқытушылары педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2014» грантын иеленген Иманғалиева Базархан Сагинаевны, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2012» грантын иеленген Садирова Күлзат Қаниқызын, мектеп директоры Қалиева Жанат Казбековнаны (Әйтеке би ауданы Белқопа жалпы орта білім беретін мектебі), бала бақша меңгерушісі Бахитова Гүлсараны және өз саласында адал да абыройлы міндетін атқарып жүрген жоғары санатты мұғалімдерді атауға болады. Педагогикалық оқу орны ұжымының  еңбегінің қайтарымы – әр түлектің елі мен жеріне адал қызмет етуі. Әр түлектің абыройы мен табысының, жеткен жетістігінің негізінде осы «БІЛІМ КӨГЕНТҮБІНЕН» - қазіргі Ақтөбе гуманитарлық колледжінен игерген сартабан білімдері жатыр.  Сондықтан да біз, түлектер, 100 жастағы қазыналы оқу орны ұжымын құттықтай отырып, құрметпен бас иеміз. 

Кезінде қазақ тіл білімінің тұңғыш профессоры, қазақ тіл білімінің негізін қалаушылардың бірі Құдайберген Қуанұлы Жұбанов пен академик, филология ғылымдарының докторы Сыздықова Рабиға Сәтіғалиқызы еңбек еткен білім ордасында академиялық рух бар. Сол рух ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып бүгінгі күні 100 жасқа толып отырған білім көгентүбінің білім беруші педагогтерді дайындаудағы қуатын арттыра берсін. Заман талабына толық жауап беретін, еңбек нарығындағы бәсекелестікке төтеп беретін, кәсіби құзыреттілігі жоғары мамандар дайындай беріңіздер!



Фото Иманғалиева Б

Біз білім алған қара шаңырақ 100 жаста!

Имангалиева  Базархан  Сагинаевна,  

Қ.Жұбанов атындағы  Ақтөбе өңірлік университеті, п.ғ.к., химия  және  химиялық  технология кафедрасының қауымдастырылған  профессоры, «Жоғары оқу орны үздік оқытушысы- 2014»  грантының иегері, колледж  түлегі 


   Қазіргі кезде білім беру жүйесі түбегейлі өзгеруде. Оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын қалыптастыруға арналған  жаңартылған білім беру бағдарламасын жүзеге асыру педагог қызметінің сапасына тәуелді. Сондықтан құзіретті маман даярлау - бүгінгі күннің басты мәселесі.Осындай күрделі мәселелерді шешуде мерейлі 100 жылдығын атап отырған Ақтөбе гуманитарлық колледжінің орны ерекше. 1 ғасыр бойы оқу ордасы еліміздің түкпір-түкпіріне маман дайындап келеді. Мұғалім дайындау жүйесінің құрылымы мен мазмұнын, болашақ педагогтердің функционалдық сауаттылығы мен педагогикалық құзыреттіліктерін дамытуға, құзіретті педагог дайындауға 100 жылдан бері үздіксіз үлес қосып келеді.Аталған оқу орнын 1985-1989 жылдары 32 түлек бітіріп, өмірге қанат қақтық. Біз оқуға түсетін жылы ерекше қабылдау болды. Жалпы білім беретін орта мектептің 8-класын үздік бітіргендер шығармашылық тапсырма орындап, оқуға емтихансыз қабылдандық. Сол тапсырманы (ән айту, ноталық сауаттылықтан байқау) Ысқақ Райымбергенов ағайымыз бен Жусупова Мейрамгул Меирхановна алды. Бұл күн ерекше болып, есімізде сақталды.Оқуға емтихансыз қабылдандық! 4 жылдың ішінде жан-жақтан жиналған ұл мен қыз, 15-19 жас арасындағы студенттер жаңа, бұрынғыдан өзгеше өмірді бастадық. Танысуымыз Ақтөбе гуманитарлық колледжінің алғашқы қоңырауынан басталды.  Басымызды қосқан, бір-бірімізбен таныстырған, танытқан студенттік өмір жолына түсірген, рахмет саған, сол кезең.  Кімнің кім екенін, мінез-құлық, ой-өрісі, білім-санаты, шыққан орта-отбасы қандай екені сол бір уақытта білінді.Ақтөбеде 4 жыл бірге оқыдық, достармен серуендедік, “Қазақ жастары” кештеріне, театрға, киноға, туған күн кештеріне бардық. Топта үш ер бала болды: Бұхарбаев Қамбар, Шайхин Қайрат, Қарақойшин Сағындық, қалғанымыз -  қыздар.  Қамбар Бүркітұлы 1992 жылы Ақтөбе пединституның тарих факультетіне оқуға түсіп, 1997 жылы бітірген. 1996 жылы М.Орынбасаров атындағы орта мектеп директоры болып тағайындалып, 2005 жылы қазанда Шалқар қаласы  №3 орта мектебіне директорлыққа ауысқан.  2013 жылы мемлекеттік қызметке, Шалқар аудандык спорт бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалған, бүгінгі таңда Шалқар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде басшылық қызметінде. Шайхин Қайрат 2000-2004 ж Мұғалжар ауданы Саға негізгі мектебінің директоры болған, қазір жеке кәсіпкер.  Қарақойшин Сағындық  Қорқытұлы 2006-2012ж Темір ауданы Келтесай негізгі мектебінің директоры, қазір тарих пәнінің мұғалімі. Тобымыздың ең алыстан келіп оқыған студенті Парсаева Амина Жасузаковна.Шымкент пединститутын 1994 жылы бітірген соң, Шымкент қаласындағы  орыс мектебінде қазақ тілінен сабақ берді. 1995-2014 жылдары ҚР Қарулы Күштері қатарында қызмет еткен. 2014 жылы аға лейтенант әскери атағымен зейнетке шыққан. 2019-2021ж. Тараз қаласындағы әскери бөлімде кадрлар және саптық бөлімі бастығы міндеттерін атқарған. 2021 жылдың желтоқсанынан осы уақытқа дейін Тараз қаласы "Запчасть" АҚ (металлургия заводы) кадрлар бөлімі бастығы лауазымында еңбек етуде.      Алғашқы 1-2-курста Сарина Әлия, соңғы 3-4-курста Парсаева Әмина топ старостасы болып, қызмет етті. Әлия Мұғалжар ауданы Құмсай орта мектебінде жоғары санатты бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етуде

Дүйсенбаева Үміт еңбек жолын ұстаздықтан бастап, мемлекеттік қызмет атқарды. Бүгінде Алға ауданына қарасты Маржанбұлақта бала бақша директоры.

 Біздер қазір 50-дің қырына шығып қарап тұрмыз. Тәлім-тәрбиенің, білімнің, жеке бастарымыздың парасатымен, мінез-құлқы деңгейіне қарай сүйікті ата-ана, ардақты аға-апа, қадірлі құда-құдағай, құрметті ұстаздармыз.

  Есімдерін алтынға балайтын қадірлі ұстаздарымызды әрқашан үлгі тұтамыз. 4 жыл бойы класс жетекшіміз, химиядан білім берген Өтегенова Дина Төлебайқызы. Қызметінің жоғарылауына байланысты соңғы айларда класс жетекшіміз, биолог маман Үсенова Гүлнар Әбиболлақызы болды. Қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс берген Бралова Зоя Абылгазиевна, орыс тілі мен әдебиетінен Мазитова Галина Романовна, математикадан Базарбаева Айша Базарбайқызы, тарихтан Қауанова Қибат Қауановна, физикадан Жумалин Қанаш Жумалинович, педагогика-психологиядан Бериков Ниетжан Берикович, Муканова Светлана Насуруллаевна мен Майтанова Нұрия Елеуовна, суретші Исмаилов Есет Ахатович, музыканттар Бекниязов Болат Бектұрович, Нағима апайымыз, географ Жарқынай апайымыз тағы басқа да ұстаздарымыздың берген теориялық, практикалық білімдерін, ұлағатты тәрбиесін мақтанышпен айтып отырамыз. Ұлы ғұламалардың да ұстазы болған, сондықтан болар осы абыройлы міндетті атқарып жүргендерді халқымыз әрқашан ерекше құрмет тұтқан. Ұстаздың әр адамның жүрегінен алатын орны айрықша, қолына қалам ұстатып, алғаш ұстаздық қызметке баулыған тәжірибелі, көркіне ақылдары сай,ардақты  мұғалімдерін жылылықпен еске алмайтындар кемде кем болар. 

    «Білім өмірде - таяныш, жолда - дос, жалғыздықта - жолдас, қуанышта – бастаушы, қайғыда – медет, күресте – құрал, зұлымдыққа қарсы айла» деп, ата бабаларымыз бекерге 

айтпаған. "Мектеп,оқу орны - балалардың екінші үйі, ал ұстаз — олардың екінші анасы". Сондықтан да шәкірттер мен ата-аналар білім үйретуші ұстаздардың еңбектерін бағалап, оларға әрқашан құрмет көрсетеміз, алғысымыз шексіз!

       Ақтөбе гуманитарлық колледжінің ұжымына толағай табыстар тілейміз, білімді де білікті шәкірттеріңіз көп болсын!

                                                                      






Ғасырлық білім ордасының түлегімін


Бертлеуов Әділбай Жантайлақұлы,  

ҚР прокуратурасының құрметті қызметкері, 

заң кеңесшісі, колледждің  1978 жылғы түлегі

                                                       

Мен 1974 жылы Шалқар ауданы Тоғыз орта мектебінде 8  сыныпты бітіріп, Ақтөбе қаласы педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, 1-інші курсқа қабылдандым. Біздің группада 31 оқушы, оның алтауы ер бала, ал қалғаны қыз балалар болды. Бәрі де ауылдан келген балалар бір - бірімізбен тез тіл табысып кеткенмен, қаланың өмірі мен ұстаздардың қатал талаптарына бірден көндігіп кету қиындау болды. Бұл жерде әр пәнге күнде дайын болып келу керек, әсіресе орыс тілі, шет тілінен қатты қиналатынбыз. Солай болса да жақсы оқып, ай сайын 30 сом стипендия алуға тырысатынбыз. Училище мұғалімдерінің сабақ беру методикасы мен талаптары мектепке қарағанда әлдеқайда өзгешелеу болатын. Топ жетекшіміз тарих пәні мұғалімі Қауанова Қибат апайымыз өте қатал, әсіресе қыздарға қоятын талабы қатаңдау, аса білімді және талапшыл болатын. Оқудың қиындығы себепші болды ма, 1-інші семестрден кейін 1 ұлымыз бен 2-3 қызымыз оқудан шығып кетуге мәжбүр болды. Педагогикалық училищеде  бізге тәлім-тәрбие берген ұстаздарымыз Қибат Қауанова, Зоя Бралова, Галина Романова, Айша Базарбаева, Сенбай Қаңтарбаев, Қанаш Жумалин, Рим Қазиев, Болат Бекниязов сияқты  ұстаздарымыздың білімдері мен парасаттылықтары өте жоғары деңгейде болатын, сондықтан да осы ұстаздарымды әлі күнге дейін сағынышпен еске алып, мақтанышпен айтып отырамыз. Осы оқу орнында олардың берген білімі мен тәрбиесі, кейін Алматы қаласына жоғары оқу орнына түскен кезде де, одан кейін құқық қорғау орнында қызметте жүрген кезде де көп пайдасы тигенін баса айта кеткім келеді.  

Жалпы педагогикалық училищеде ер балаларға қарағанда  қыз балалар көп оқитын. Сол кезде  менің ауылдас және таныс достарым Ақтөбе қаласындағы темір жол, құрылыс техникумдарында оқитын еді. Олармен кездескен кезде маған қыздардың оқуын қалай оқып жүрсің деп сұрап қоятын. Бұл сөзге іштей намыстансам да, оқуымды оқып жүре бердім. 1 курста оқып жүрген кезде қараша айының орта тұсы болуы керек, ауылдан әкем жатақханаға келіп, жағдайымды біліп, оқуым жайлы сұрады. Ол кезде корпустың 4 және 5 қабаттары жатақхана да, 2-3 этаждары оқу корпусы болатын. Жоғарыда көрсетілген жағдайлар себеп болды ма, әкеме училищеде оқығым келмейтінін, ауылға барып 9 класты жалғастырғым келетінін айттым. Әкем мені тыңдап алып,  мені 1 этаждағы директордың кабинетіне ертіп барып, оған «балам бұл жерде оқығысы келмейтінін айтып отыр, құжаттарын берсеңіз, ауылға алып барып мал бақтырамын, енді әрі қарай оқымайды», - деп айтты. Сол сөзден кейін директор апайдың кабинетінде әкеме айтылған сөздің күші жойылып,  енді ондай әңгіме айтылмайтын болып шешілді. Одан кейін менің тарапымнан училищеде оқымаймын деген сөз айтылған жоқ. 1979 жылы осы оқу орнын ойдағыдай бітіріп, жолдамамен Қарабұтақ ауданына барып, 1 жыл мектепте мұғалім болып жұмыс жасадым. 1979 жылы мамыр айында әскер қатарына алынып, 2 жыл әскери борышымды өтеп келдім. Әскерден кейін Шалқар қаласында бір жыл мектепте мұғалім болып, 1982 жылы Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, оны 1989 жылы бітіріп, прокуратура саласында бірнеше жыл абыроймен қызмет жасап, зейнеткерлікке шықтым. Қазір де сол заң саласы бойынша адвокаттық қызметін жалғастырып келемін. 

Өзім білім алған Ақтөбе гуманитарлық колледжінің /бұрынғы педагогикалық училище/ құрылғанына 100 жыл толу мерекесіне орай, ардагер ұстаздарыма алғысымды білдіремін және оқу орнының қазіргі ұжымына зор жетістіктер тілеймін.





Білім ордасына алғысым шексіз!

Жақсыбаев   Аллаберген  Башбайұлы,Жақсыбаев Аллаберген

Қазақстан Республикасының  мәдени қайраткері, әнші, колледж түлегі


     Мен, Аллаберген Жақсыбаев,Ақтөбе педагогикалық  колледжінің 1982-1986 жылғы түлегімін. Училищеде  алғаш қазақ музыка бөлімін ашып, шалғайда жатқан қазақы ауыл балдарының қалаға келіп, өз ана тілінде білім алуына зор мүмкіндік жасаған, білім беру ісінің ардагері, сол кездегі училище басшысы, тілді тәрбие басы деп ұғынатын аса құрметті ұстазым- Беріков Ниетжан Берікұлы болды. Н.Б.Беріковтың білікті кадрлар іріктеу ісіне айрықша мән бергенінің арқасында сол кезде училищеге келген табанды ісі, мінез- қылығы және білімінен үлгі алған аяулы ұстаздарым-  Алматы Мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтының  музыка факультетінің түлектері - Есқарина Жәмила Сұрағанқызы  мен Айтбаева Нағима Айтбайқызы болатын. Бүгінге дейін ақыл-кеңісін аямай, о бастан шығармашылығымның  дамуы мен өнердегі жеткен жетістіктеріме осы кісілердің қосқан үлесі зор екенін ерекше айтқым  келеді. Және де ауыл баласының қаланың тыныс тіршілігіне араласуы, түскен оқу орнының оқу-тәрбие процесіне бейімделуі, әр жерден келген курстастарымен тіл табысып, тату досқа айналуына мұрындық бола білген бөлім жетекшісі Бекниязв Болат Бектұрұлы, топ жетекшім Нұрғазина Нағима, Ақболатова Роза, Дәмелі Балканова апайларыммен бірге арнайы аспаптан дәріс алған В.С. Семченков секілді оқу орнының басқа да барша ұстаздар   қауымы  деп айтар едім. Осындай  ұстаздардан дәрісалып, өнер әлеміне қанат қағу мүмкіндігіне ие болған мен үшін олардың  берген әрбір тәлім тәрбиесі алтынмен пара пар болатын еді десем жаңылмаймын. Алғаш рет бірнеше дауыста хормен ән айтуға үйрену бір бөлек, сол хордың қалалық «Студенттер көктемі» байқауында жоғарғы оқу орындарын артқа тастап, әр жыл сайын Бас Жүлдеге ие болуы ұстаздарымыздың еңбектерінің мол нәтижесі деп білемін! Хордан бөлек Момын Нұрпейісұлы басқарған халық аспаптары ансамблі В.Гребнев жетекшілік еткен вокалды аспапты ансамбльмен облыстық телеарнадағы  түсірілімдер, аудан, ауылдарға деген гастрольдық сапарларымыз бәрі есімде!!! Айта берсе естеліктер  өте мол, әңгімені қысқа қайырып, таусылмайтын тағылым берген  колледжіміздің мерей тойына құтты болсын айтамын! Ұстаздар қауымына мол табыс тілеймін!

               


Ізгіліктің жолын салған – білім ордасыСнимок экрана (524)


Кулов   Болат  Ахметович, 

Қобда ауданының  әкімі, «Үздік  мемлекеттік  қызметшісі», колледж түлегі 


Қай кезеңде болмасын білімнің сапалы болуы – Қазақстанның мызғымас мемлекет болып қалыптасуының негізгі кепілі. Әрбір адамның жүрек түкпірінде естелік шежіресімен қалатын өзі білім нәрімен сусындаған оқу ордасы екені мәлім. Елдің болашағын көркейтіп, рухын биікке көтерген тарихы терең тағылымды, қара шаңырақ –  Ақтөбе гуманитарлық колледжі менің есімде дәл сондай естеліктерге ие. Өткен ғасыр мен жаңа ғасырдың арасын жалғаған училище – бүгінде колледж ретінде қызмет етеді. Алайда атын өзгерткенімен, затын өзгертпеген, ғасырлық мерейге жеткен, алтын діңгекті тарихы бар киелі қара шаңыраққа биыл – 100 жыл толғалы отыр. Тарихын тарқатып айтар болсақ, қаншама білім жанашырларының қолтаңбасы қалған, еңбекке баулу бағдарламалары жүзеге асырылып, студенттерге сапалы білім мен саналы тәрбие беруге зор септігін тигізген ұжым өз ішінен де талай тұлғаларды шығарды. Жүз жыл ішінде бірқатар ел сыйлаған ұстаздар осы жерден түлеп ұшты.

Ізгіліктің жолын негізгі бағыт етіп алған, алдына батыл мақсаттар қойып, соған жетуге табанды түрде нық қадамдар жасаған қаншама педагогтің өмірі осы қабырғада өрілді. Бар өмірін, уақытын, білімін, тәжірибесін сол жолға, сол талапқа жұмсап, биік белестерді бағындыруда маңдай терін төккен ұстаздар осы жерде алғашқы біліктіліктерін жинады.

Ұлттың рухани байлығы – білімінде болса, ұстанар бағыты – тәрбиесінде. Ұстаздық жолын таңдаған әрбір жан өз шәкіртінің өзінен оза шауып, әлдеқайда биіктерден көрінуін тілейді. Өркениет биігіне батыл қанат қаққан талантты шәкірттердің әлемде, республикада, облыста, ауданда алдыңғы қатарлы азамат болуы, ел құрметіне бөленуі – кез келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін бақыт.

Бұл мерейтойды өз деңгейінде атап өту – жүз жылда дәл осы оқу ордасының тізгінін ұстаған басшылардың, алдыңғы толқын ұлағатты ұстаздардың тәжірибелерін насихаттайтын және олардың дара жолын бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі ретінде көрсететін өнегелі бастама болары анық.

Өткенге баға берген кезде болашақ ұрпақ осы білім шаңырағының жетістіктеріне сүйенеді. Қандай тарих белестерінен өткенін, қандай ұстаздардан тәлім алғанын, қандай шәкірттер түлеп ұшқанын, қандай өнегелі істердің атқарылғандығын жазбаға қарап біледі.

Ендеше жүзінші жылда жүзінші түлегін ұшырғалы тұрған білім ордасына ілтипатпен басымды иіп, сара жолды жалғастырушы ұстаздар ұжымына мықты денсаулық, толағай шығармашылық табыстар тілеймін!



Жусупова Жанна

Білім бұлағы – училищем


Жусупова Жанна Азатовна,  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, п.ғ.к.,  «Педагогика» факультеті деканы, училище түлегі 


Білімнің мәуелі мекені саналар алтын ұя мектебіммен қош айтысқан соң, балалық шақтан үлкен өмірге қадам бастырған, арманымнан адастырмай жаңа бағытқа дөп жетелеген жастығымның ең бір жалынды кезеңі – студенттік шағымның орны мен үшін әркез ерекше. Мектеп қабырғасында жүргеннен бастап, қиял жетегінде сан тараптан алдарына айқын мақсат қойып, жүректері алып-ұшып, арман қуып келген барша жасқа құшағын айқара ашқан қара шаңырақ – менің де студенттік кезімнің куәгері болды. 

Талантты, дарынды студенттердің басын біріктіріп, олардың бойындағы тұлғалық қасиеттердің қалыптасуына дәнекер болып отырған сол білім ордасына бүгінде 100 жыл толып отыр. 

Бір ғасыр – тарих, шежіре, тәжірибе, нәтиже айнасы. Сан мыңдаған шәкірттің арманына қанат бітіріп, өмірге жолдама берген оқу ордасына ізгі ниетпен, ыстық ықыласпен төгілер шексіз алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Өйткені, алғашқы студенттік кезең, алғашқы ұстаздық сезім, алғашқы махаббат, бәрі, бәрі өзіңмен бірге өтті. Құрметпен қарап, қадірін білгендерге бұл - бір ғажап кезең екені сөзсіз. Ең таза көңілдердің танысып, табысатын уақыты. Қулық пен сұмдықтың, ақ пен қараның ара-жігін ажыратып, көңілге қаяу еш түспеген балаң үміттерге шынайылықтың, әділдіктің, адалдықтың не екендігін ұқтырар шақ.

Әр шәкірттің қуанышы мен қайғысына бір өзің куәсің! 

Сондай шәкірттің бірі, мен боламын. Жастық шағымның ұмытылмас күндері, қызықты сәттері, махаббатқа толы шырайлы жылдары Ақтөбе педагогикалық училищесінде өтті. 

1988 жылы Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы Жұрын совхозының А.А.Жданов атындағы орта мектебінің  9-сыныбын үздік куәлікпен аяқтап, әпкем Айгүлмен Ақтөбе қаласына жол тарттық. Сол жылдардың қабылдау комиссиясының талабы бойынша мектепті үздік бітіргендер үшін сынақ әңгімелесу тәртібінде өткен еді.

Әлі есімде... Кезек күтіп, мектепті «қызылмен» тәмәмдаған 10 шақты қыз бала отырдық. Білімім таразыға тартылар сәт жетіп, менде кабинетке кірдім. Кабинетте Сембай Ерғалиұлы мен Айша Базарбайқызы отырды. Маған қазақ тілі мен математикадан тапсырма берді. Нәтижесінде сан жүйріктің ішінен оза шығып, Ақтөбе педагогикалық училищесінің  студенті атандым.

Студенттік өмірдің алғашқы қызықты күндері мен қиындықтары басталып та кетті.Ең алғашқы қолға тиген шәкіртақыыстық көрінеді, ең алғашқы сессияның да орны бір бөлек, үлкен қорқынышпен күтесің. Тағысын тағы. Осылайша, әрдайым белсенді болуға тырысу, таңертеңмен сабаққа бару дағдыға айналады.

Ауыл баласының екінші үйі жатақхананың 4 жылдай тұрғыны болдық. Жатақхана біздерді ата-ананың билiгiнен тыс, дербес өмiр сүруге үйреттi, қоғамдық жұмыстар деген белсендiлiгімізді арттыра түсті. Жатақхананың белсенді мүшесі, топта староста болдым. Болашағын бағымдаған талабы таудай қазақ қыздарын топ кураторы Майра Сабырқызы Шапиева қанатына алды. Қазір содан бері 34 жыл өтті. 

Бүгінгі мереке қарсаңында бізге біліммен қатар тәрбие берген Күнсұлу Бекетайқызы Батырова, марқұм Жарқынай Сисенбина, Қибат Қауанова, Айша Базарбаева, Дина Утегенова, Нұрсұлу Ахмадиева, Алтыншаш Тулегенова, Полина Павловна Балун, Татьяна Айджанова, Есет Исмаилов, Гүлнар Усенова, Темірхан Аребаев, Ерулан Рахашевич, Лайық Қабылова, Мая Исмагуловна Укибаева, Асия Досумбетова,Ергенбай Канатуллинатты ұлағатты ұстаздарымызды ерекше ықыласпен, үлкен сағынышпенеске аламыз. Сіздердің берген тәлім-тәрбиелеріңіздің арқасында өрімдей жас қыздарыңыз сан тарапта абыройлы қызмет етуде.

Сол шәкірттің бірі мен, 2010 жылы Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі БД 14.61.02 біріккен диссертациялық кеңесінде педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қ.Б. Сейталиев пен ұстазым профессор С.Е.Қаңтарбайдың ғылыми жетекшілігімен диссертациялық жұмысты сәтті қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты дәрежесін иемдендім. 2017 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік гранты жеңіп алдым. Қазіргі таңда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде Педагогика факультетінің деканы қызметін атқарамын. 

Зымыраған уақыт, бір айтарым, студенттік жылдар маған өмірлік жар, жан құрбылар сыйлады.

Арман қуған, қиял қуған жастық шақтың белгісі болған Ақтөбе педагогикалық училищесінде өткізген студенттік шағым жадымнан ешқашан ұмытылмайды.

Өмірден өз орнымды табуыма септігін тизігіп, белді белестерге шығарып, жетістіктерге қол жеткіздіріп келе жатқан білім ордасының мерейлі жасы құтты болсын! Білім нәрін шәкірттерінің бойына сіңірген білім бұлағының ғасырлық мерейтойы құтты болсын! 

Сүйікті училище, өзіңнен түлеп ұшатын әрбір түлек еліміздің дамуы мен өркендеуіне сүбелі үлес қоса берсін!



БІЛІКТІ ҰСТАЗ — ОЙ-САНАНЫҢ БАПКЕРІWhatsApp Image 2023-04-26 at 13.12.14


Шаштығарина Сарагүл Мұстафақызы

Ақтөбе педагогикалық училищенің

1983-87 жылдардағы мектеп бөлімінің түлегі


Қай қоғамда болмасын адамзат үшін ең қажетті, ең киелі  мамандық иесі — мұғалім. Тәлім-тәрбие – ата-анадан, оқу-білім – ұстаздан. Осы екеуі сәйкес келсе, өскелең ұрпақтың жұлдызы жанып, мәртебесі биіктейді. 

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан өзінің Алашорда идеясына тұғыр болған бес ұстанымының төртіншісінде: «Қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек», – дейді.  Ұлттық мәдениет үстемдігінің сақталу қажеттігін жүзеге асырып, ұлттық  мектептің жобасын жасап, балалардың заман ағымына сай әлемдік деңгейдегі құндылықтарға жетуін көксеген, осындай халықтың тағдырын, қасиеті мен қабілет-қорымын анықтайтын, әр адам үшін ең қадірлі, ең қажетті мамандық иесі – мұғалімдерді дайындайтын киелі шаңырақ Ақтөбе педагогикалық училищенің түлегі болғанымды үлкен мақтанышпен айта аламын.. 

Үздіксіз ізденістер, жаңашыл бастамалармен оқыту сапасын арттыруда  біздің ұстазымыз Қазақстан Республикасы халық ағарту ісіне еңбек сіңірген  қызметкер, «Еңбек Қызыл ту» орденінің,  Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері -Айша Базарбайқызы Базарбаеваның еңбегі ерекше екендігін айтпау мүмкін емес. Айша апайымыз өте сабырлы, кішіпейіл, жоғары мәдениеттілігімен бізді таңдаған мамандығымыздың майталманы болуға шыңдады.  Кәсіп жолында біліммен сусындатқан, өмірге деген өзіндік ұстанымызды қалыптастырған ұстаздардың әрқайсысы да Ұлы есімге лайықты жандар. Олар: Қанаш Жумалин, Кантарбаев Сембай Ергалиевич, Қауанова Қибат Кауановна, Біралова Зоя Әбілғазықызы,  Мазитова Галина Романовна, Кансулу Галиевна, Кабылова Лайық  Молдагалиевна және т.б.

Ұлағатты Ұстаздарымыздың «Әдістемелік жұмыс – оқытушы шеберлігінің өлшемі» деген  ұстанымы біздер үшін бағдаршам  тәрізді.

1983-1987 жылдар аралығында аталған училищенің мектеп бөлімінде 28 студент тәлім алдық. Бүгінде олардың көпшілігі білім саласында абыройлы қызмет атқарып, тәжірибелі ұстаз ретінде танылып, халықтың ыстық ықыласына ие болып жүр. Атап айтар болсам, Туребаева Гулмира, Есеналина Сауле, Отарова Бибінұр, Тынышбаева Лиза, Нұрлепейсов Амангос, Кулсарина Маншук, Тлеубергенова Галия, Абдрахманова Айгул және т.б  құрбыларым мектепте басшылық қызмет атқарып келеді.

Қазіргі таңда мен, Сарагул Мустафақызы  - «Өрлеу» БАҰО АҚФ Ақтөбе облысы бойынша кәсіби даму институт кафедрасының аға оқытушысы, педагогика және психология ғылымдарының магистрімін.  Педагог кадрлар біліктілігін арттырудың Деңгейлік бағдарламалар курстарының, «ҚР орта білім мазмұнын жаңарту аясында қазақ тілінде оқытатын мектептердің бастауыш сынып мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курс  бағдарламалары», «Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жағдайында педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамыту» курстары бойынша сертификатталған тренермін.

   Заманауи білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерді зерттеп, мұғалімдерге сандық білім беру ресурстарын  жасақтауда үздіксіз әдістемелік тұрғыдан  қолдау жасап келемін. Сандық білім беру жүйесіндегі инновациялық іс-тәжірибелерді зерделеу арқылы біліктілікті арттыру курстарын, «Жаңартылған білім беру бағдарламасының басты ерекшеліктері», «Тиімді сабақ-табысты білім кепілі», ««Қашықтықтан оқыту жағдайында тиімді сабақты жоспарлау», «Үздіксіз білім берудегі замануи тәсілдер» т.б өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін тақырыптарда пән мұғалімдері және колледж студенттеріне семинар-практикум, шебер-сыныптар ұйымдастыру – бүгінгі жұмыстарымның нәтижесі дер едім.

«Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында креативті педагогтың ішкі ұмтылысын дамыту» тақырыбындағы  облыстық эксперимент координаторымын.

Педагогтардың акмеологиялық мәдениетін жетілдірде ғылыми монография және бірнеше нұсқаулық, оқу- әдістемелік  құралдарының авторымын, ҚР БжҒМ «Құрмет грамотасының» иегерімін 

Колледж ұжымын 100 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! 

Заманауи педагогтарды дайындауда колледж Ұстаздарының  қанаттары талмай, еңбектері жемісті болып, жеңіс шыңынан көрінулеріне тілектеспін!



ЖАСАЙ БЕР, ҰСТАЗДАР ҰЯСЫ!


Рахатова Куляйм Жетписбаевна 13938bda-2b66-42b9-b9c5-76347de33d06

«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Ақтөбе облысы бойынша

Кәсіби даму институтының аға оқытушысы, п.ғ.м.


Менің студенттік жылдарым 1985-1989 жж.»  альбомды ақтарып, ойға қалып отырмын. Осыдан 33 жыл бұрын: 

Орындалды төрт жылғы асқақ арман,

Маман болдық-күтеді асқар алдан.

Білім берген қадірлі ұстаздардың

Ұшан-теңіз еңбегі басқалардан–өлең жолдарын училищемен  қоштасарда шығарыппыз, В-105 тобынан В-405 тобын шашауы шықпай бітіріп шыққан   арулардың арманы қазірде орындалуда. Бүгінде сол бантигі желбіреген қыздар адал жар, аяулы ана, ақ жаулықты әже, бірі-мектеп директоры, директор орынбасары, балабақша меңгерушісі, әдіскері, тәрбиешісі, жоғарғы оқу орындарының қызметкері болса, бірі-басқа саланың білікті мамандары. Осы деңгейге жетуімізге септігін тигізіп, білім нәрімен сусындатқан кураторымыз Гүлжәмилә Мухамедиярова, ұстаздарымыз Қанаш ағайға, Есет ағайға, Қибат апайға, Айша апай, Дина апай, Бақтылы апай, Ақкенже апай, Бекзада, Мейрамгүл, Қатима, Раушан, Ағила, Манар апайларға басымызды иіп алғысымызды білдіреміз! 

Қайда жүрсек те Ақтөбе педагогикалық училищесінен бастапқы мамандық дәріс алғанымызды мақтанышпен айтудан жалықпаймыз.  

Ордалы оқу орнының  ата-анасынан жырақтап,  көздері жәудіреп келетін білімпаз жастарға беретін тәлім-тәрбиесі мол, себебі қай кезде де аталған оқу орнының тұғыры берік, даңқы биік! 

МӘҢГІ ЖАСАЙ БЕР, ҰСТАЗДАР ҰЯСЫ!  



Ізгіліктің дәнін сепкен


              Нұргүл Мейірханқызы Жусупова25fbf172-3737-4cf4-bb29-3b3d12b954dd

1985-1989 жылдары АПУ мектеп бөлімінің түлегі


Осы естелікті жазу көптен ойымда бар. Кешеуілдеп қалдым. Себеп көп. Ең бастысы, сол бір асыл ұстаздарға лайықты естелік болып шығар ма екен деген жүрексіну. Әйтсе де, уақыт зулап барады.

«Айтпаса, сөздің атасы өлетіні» тағы бар.

Өткен ғасырдың 1985 жылының 1 қыркүйегінде Ақтөбедегі педагогикалық училищенің мектеп бөліміне бір топ бала оқуға қабылдандық. Мақсатымыз – бастауыш білім мұғалімі мамандығын игеру. 15 жасар жасөспірімдерміз. Ата-ананың жылы құшағынан, туған ауылдан, үйренген ортадан әлі оңы-солын  танып үлгірмеген балалық шақта суырылып шығып, қалаға келу, бауыр басу оңай емес. Алғашқы күндерден-ақ, бізді өз қамқорлығына алып, оқуды бітіріп шыққанға дейін біз үшін жаны қалмай жүгірумен болған, тек сабаққа тиісті нәрсені ғана емес, өмірдің, тұрмыстың барлық жағын қамтып, жол сілтеп, ақыл- кеңесін аямаған марқұм Дина Төлебайқызы Өтегенова апайымыздың еңбегі ерекше еді. Апай бізге химия, биология пәндерінен сабақ берді. Училищенің материалдық-техникалық базасы да мықты еді. Лабораториялық тәжірибелердің бәрін өткізіп, бүге-шігесін қалдырмай көрсететін, жалықпай түсіндіретін. Ұстазымыздың ол еңбегі ақталды. Біздің арамыздан Базархан Иманғалиева ұстазымыздың ізін жалғастырып келеді, қазір Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде білдей оқытушы, ғалым. 

Дина апайымыз өте мәдениетті, кішіпейіл кісі еді. Біздің сәл жақсылығымызға  жаны қалмай қуанатын, балалық – шалалығымызға қабақ шытып, ұрысқан сәтте де шын жанашырлығы сезіліп тұратын. Осы қасиет біз дәріс алған ұстаздарымыздың бәріне тән болатын. Қазір бақилық болған ұстаздарымыз Қибат Қауанова апайымыз, Қанаш Жұмалин ағайымыз да өз істеріне жан – тәнімен берілген шын мәніндегі ұстаздар еді. 

Қибат апайымыз тек тарих пәнімен шектеліп қана қоймай, тереңге тартатын, әр сабағында проблемалық сұрақтар қойып, біздің қалай шешетінімізді, жауап беретінімізді жіті бақылайтын. Логиканы жақсы көретін, барлық нәрсенің байланысын табуды, түпкі себептерін анықтауды үйрететін. Сөз жоқ, тарих пәнінің нағыз майталманы еді. 

Марқұм Қанаш ағайымыз физикадан дәріс берді. Формуламен есептеуді, физиканың қыр – сырын танытуды өзіне тән әдемі қалжыңымен өріп, асқан шеберлікпен ұғындыра қоятын.  Ата- ананың мейірімін, алыстағы ауылды аңсап жүрген көгенкөз жасөспірімдер Қанаш ағайдың сабағында туған әкеміздің, ағамыздың жан жылуын сезгендей, бір сейіліп қалушы едік. 

Айша Базарбайқызы бізге математикадан сабақ берді. Асқан сырбаз, асықпай келіп, сабағын түсіндіретін, қандай қиын пән болса да, есептің небір жолдарын ұтымды үйрететін. Егер сабаққа әзірлігіміз болмаса, бетіңе бір қарайтын да, «екіні» қонжита қоятын. Сол «екіден» қатты қорқушы едік. Негізі, бізге дәріс берген ұстаздарымыздың әрқайсысына да портрет беріп шығуға болады. Бәрі де өз ісінің нағыз майталмандары, асқан шебер ұстаздар. Бірақ, мақсат ол емес. Қысқа мақалада оның бәрін қамту мүмкін де емес. Мақсат  - сол бір сәулелі жылдарда біздің көкірегімізде із қалдырған, санамызды нұрландырған, ұлы мамандықтың не екенін сөзбен де, іспен де таныта білген ұстаздарымызға алғысымызды білдіру ғана.

Қазақ тілі мен әдебиетінен Зоя Абылғазықызы Бірәлова апайымыз дәріс берді. Зоя апайдың қазақ тілінің шын жанашыры екендігі бәріне аян. Ана тіліміз бен әдебиетіміздің білгір маманы Зоя апай өте талапшыл болды.  Өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін кісінің нағыз өзі. Өзі өз пәнін қаншалықты терең білсе, бізден де соны талап ететін. Дұрыс сөйлеу, сауатты жазу – мұғалімнің ең басты міндеті екенін тәптіштеп түсіндіретін. Апай да тек программалық материалмен шектеліп қалмайтын. Бағдарламадан тыс қаншама мағлұмат беретін, ана тіліміздің асқан байлығын, мол мұрасын игеруге жетелейтін. «Поэзия минутын» өткізіп, өлең оқытатын, қазақ тілінің грамматикасын үтір  – нүктесіне шейін қалдырмай үйрететін. Ол еңбек те еш кетпеді. Арамыздан шығып, қазір филология ғылымының докторы, профессор деңгейіне жеткен Гүлзат Қаниқызы Садирова – біздің мақтанышымыз. 

Орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген Мазитова Галина Романовна да біздің жүрегімізде. Орысша сөйлеп тұрып, арасында «айналайындар» дегенде, жанымызды баурап алатын еді марқұм.  «...И вот, Наташа Ростова на балу...» деп, екі қолын жайып жіберіп Толстойды түсіндіргенде, сол баллдың ішінде өзі жүргендей, көздері шоқтай жайнап кететін... 

Біздің ұстаздарымыздың барлығы шын мәніндегі өз ісінің профессионалдары еді.

Музыкадан сабақ берген Нағима Нұрғазина апайымыз қандай еді?..Тұла бойы тұнған мейірім, ана туралы ән үйреткенде, бізбен бірге өзі жылап отыратын. Ол жылдары жатақхананың мәжіліс залында үлкенді – кішілі шаралар көп өтетін. Апай біздің топтан хор шығаратын, Ахмет Жұбановтың «Қарлығашын», «Туған жер», «Кептерлер» әндерін екі дауыста орындаушы еді. Бейнелеу өнерінен сабақ берген Есет ағайымыз қолы қалт еткенде, топтағы әдемі қыздардың суретін салып беретін. Сухомлинскийше айтқанда, балаға жүрек жылуын берген нағыз ұстаздар еді әрбірі. 

Білімнің қара шаңырағы атанған Ақтөбе педучилищесін сол жылдары басқарған, үлкен істердің ұйытқысы болған Ниетжан Берікұлы Беріков ағай. Ол кісі бізге психологиядан дәріс берді. Аз сөзбен көп мағына беруді, әр сөздің дәлелді, тұжырымды болуын біз Ниетжан ағайдан ұғындық. Ниетжан ағайға деген үлкен құрмет ұстаздарымыздан да, шәкірттерден де сезіліп тұратын. Кейін ағайдың 90 жас қарсаңында шығарған «Даналық хикметінен» оқып – білдік. Педучилищенің нағыз білім ордасы болуына Ниетжан ағай жан аямай еңбектенген екен. Сол еңбектің арқасында 1986 жылы Ақтөбе педучилищесі республика көлемінде барлық көрсеткіш жағынан бірінші орынға ие болыпты. 

Ал, біз үшін бұл педучилище көп институттарға бергісіз еді, сондай болды да. Арамыздан шыққан ғалымдар, өз ісіне адал ұстаздар соның айғағы. 

P.S Былтыр педучилищені бітіргенімізге 30 жыл толып, бәріміз кездестік. Оқу бітіргелі алғашқы кездесуіміз. Басында сәл тосырқау болса да, кейін бір үйдің баласындай тез үйренісіп кеттік. Бәрімізді біріктіріп тұрған күш – сол бір сәулелі жылдарға деген сағыныш, асыл ұстаздарымызға деген құрмет. Кездесудің соңында топ басшымыз болған Парсаева Әмина: «Мейлі, кім болайық, ғалымбыз ба, әкімбіз бе, қарапайым мұғалімбіз бе, менің бір түйгенім, ең бастысы, адам болып қалыппыз. Мен соған қуандым»,  – деген еді. Әдемі сөз. Дәл тұжырым. Бізге білім берген ұстаздарымыздың да ұлы мақсаты осы еді. 


ТӘЛІМІ ЕРЕК, ТҰЛҒАСЫ БИІК ҚАРА ШАҢЫРАҚ




    Құрметпен,  Алиева Гаухар МЕЙРАМҚЫЗЫ,8f33bc0a-527a-43cb-be54-697264e04807

ҚР Президенті Баспасөз қызметінің консультанты,

колледждің 1994 жылғы түлегі 


Дүниедегі мамандық атаулының төресі ұстаздық. Әсілі, мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін  мейірімді абзал жан. Осы мұғалім, педагог мамандығын дайындайтын ұстаханамыз – Ақтөбе гуманитарлық колледжіне  жүз жыл, яғни ғасырлық жасқа толған екен. Иә,  колледж тарихында небір батырлар, академик, қоғам қайраткерлері шыққанын жақсы білеміз. Колледж табалдырығында жүрген кезімізде оқытушыларымыз бұрынғы педагогикалық курс, педагогикалық училище түлектері туралы керемет мақтанышпен айтып беретін, біз де сол тұлғалар сияқты болсақ деп армандайтынбыз. Біздің кәсіби мамандық алуға құлшынысымызды  оятты деп айта аламын. Осы оқу орнына шалғай ауылдан білім қуып келгенім әлі есімде. 1994 жылы туған ауылым Шалқар ауданының, Аяққұм ауылындағы мектепті үздік бітіріп, Ақтөбе гуманитарлық колледжіне оқуға түстім. Арман қуып, үмітімді үкілеп Ақтөбе қаласына келгенімде алдымнан күлімдеп шыққан ұстаздарым  ертеңге күнге деген сенімімді нығайтып, қолымыздан ұстап, білімнің шалқар теңізіне жетеледі. Сол сәттен басталған ізгі жол мені әлі күнге дейін алға ұмтылдырып, ұстаздарымның берген тәлім-тәрбиесі мен білімі өмірлік жолыма сәулесін шашып келеді. 

Гуманитарлық колледждің мектепке дейінгі тәрбие  мамандығын үздік аяқтап, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің филология, заң факультеттерін тәмамдадым. Еңбек жолымды Ақтөбе қаласындағы Ғ.Ақтаев атындағы №6 орта мектепте мұғалім болып бастап, Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінде, ҚР Ішкі істер министрлігінде, ҚР Қорғаныс министрлігінде баспасөз қызметінде еңбек еттім. Қазір ҚР Президентінің баспасөз қызметінде еңбегімді абыройлы жалғастырудамын. Лейтенанттан бастап майор әскери шеніне дейін алып, ҚР Президентінің Баспасөз қызметінде сарапшыдан бастап, консультант болуға дейін қызметім өсті. 2022 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың Жарлығы бойынша мемлекеттік награда “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталдым. Бұл - мен үшін, ұстаздарым үшін зор мәртебе деп білемін. Бұл жетістікке мен алдымен ата-анамның, содан кейін, әрине, кәсіби жолыма баспалдақ болған педагогикалық училище аяулы ұстаздарының берген сапалы білімі, тәлімі, көрсеткен дұрыс бағыты арқасында қол жеткіздім.

Ұстаздарымыз сондай мейірімді, ата-анамыздай қамқор болды. Кей сәттерде баладай аңғалдықтары да болушы еді. Педагогика, психология, тіл дамыту пәндерінен дәріс берген  Рабиға Қомытқызы апайымыздың сабақтарындағы білім өте қанық, түсінікті болатын, қызықты өтетін. Ұстазымыздың өзін-өзі ұстау мәдениеті барлық студентке үлгі болды. Ботадай көзі, қазақтың алтын дауысына айналған белгілі дикторы Сауық Жақанованың дауысына қатты ұқсайтын тұнық дауысы, сұлулығы бізді елітіп әкететін. Апайдың сабағы қашан болады екен деп күтіп жүруші едік. Біз сабақ оқымай келген кездері: «Апай, жастық шағыңыз туралы айтыңызшы», — деп қулыққа басып, сұрақ қоя бастағанда дауыс тонын өзгерте қоятын. Тәртіпке шақырып, дереуде қаталдық танытатын.  Өмірімізге азық болар тәрбиенің молын алдық, әлі күнге дейін қайда отырып, қайда жүрсем де ұстанамын.

       Ұстаздарымыз туралы шексіз айта беруге болады. Ұстаздарымыздың әрқайсысының дауысы әлі күнге дейін құлағымызда. «Сеңдей соғылысып не істеп жүрсіңдер?» деп ұрысатын ұстазымыз Жәмилә Әлиқызының дауысы бүгінде «айналайын» боп естіледі бізге. Сол  сәттер қазір сағыныш.

        Өмірдің белесінде қанша жерден биікке көтерілдік, қанша жерден түрлі белестерді бағындырдық, десек те, сіздердің алдарыңызда біз әлі күнге дейін мектепті енді бітіріп, арман қуып келген бала кейпімізде қала береміз. Алдарыңызға алыстан сағынып, именіп, иіліп барамыз. Сіздердей ұлы ұстаздардың алдын көргенімізге, сіздерден білім алғанымызға ризамыз. 

    Аман болыңыздар! Бізді оқытқан білім ордасы ғасырлық тойын тойласа, ұстаздарымыз өздері оқытқан ұрпағымен мың жасайтынына сенімдіміз! 

Тағы да ғасырлық той құтты болсын!

kk ru en